Алматыда тауда жоғалғандарды ұялы байланыссыз іздейтін құтқару жүйесі әзірленді
АЛМАТЫ.KAZINFORM — Алматыда ұялы байланыс, SIM-карта және интернет болмаған жағдайда да адамның орналасқан жері туралы мәліметті беретін SOS батырмасы бар қауіпсіздік жүйесі әзірленіп, сынақтан өткізіліп жатыр. Ол AG Tag жеке құрылғысына негізделген.
AG Digital KZ компаниясы мұны Алматының Цифрландыру басқармасының қатысуымен жүзеге асырып жатыр.
Құтқару қызметтерінің мәліметінше, жыл сайын Алматы тауларында 1 000-нан астам іздестіру-құтқару жүргізіледі.
Алайда көптеген туристік бағытта ұялы байланыс желісімен қамтылмаған аумақтар бар. Бұл көмекке мұқтаж адамдардың нақты орналасқан жерін анықтауды қиындатады.
— AG Tag құрылғысы спутниктік навигация арқылы адамның координаттарын өздігінен анықтап, оларды радиобайланыс арқылы құтқару қызметінің базалық станциясына жібереді. Деректер әр екі секунд сайын жаңартылып отырады. Ал төтенше жағдай туындаған кезде турист SOS батырмасын бір рет басу арқылы дабыл белгісін жібере алады. Зардап шеккен адамның координаттары жедел кезекшінің электрондық картасында көрсетіледі. Қазіргі конфигурацияда сигнал тарату қашықтығы 15 шақырымға дейін жетеді, — делінген хабарламада.
Жүйе құрылғымен байланыстың жай-күйін бақылауға, сондай-ақ сигнал жоғалған жағдайда оның соңғы орналасқан жерін тіркеуге мүмкіндік береді. Базалық станция интернетке және ұялы желілерге қосылмай-ақ автономды режимде жұмыс істей алады.
Жоба аясында туристерге жабдықты eGov Mobile қосымшасындағы QR-код арқылы беру тетігі де қарастырылып жатыр. Сапарға шығар алдында пайдаланушы бағытын және болжамды қайту уақытын тіркеп, жеке құрылғыны ала алады. Ал сапар аяқталғаннан кейін құрылғыны қайтарады.
Алматының негізгі туристік бағыттарында жабдық беретін 12 пункт ашу көзделген. Олардың қатарында Алма-Арасан, Аюсай, Медеу, Кімасар, Көкжайлау, Бұтақты және Шымбұлақ бар.
Бүгінде жүйе Алматының алты таулы бағытында, соның ішінде Турист, Панорама, Букреев және Фурманов шыңдары мен Үлкен Алматы көлі маңында сынақтан өтті. Тексеру жұмыстары әртүрлі ауа райы жағдайында, оның ішінде биік таулы аймақтарда жүргізілді.
Нәтижесінде жүйенің жұмыс істеу қабілеті расталды. Қазір одан әрі сынақтан өткізу үшін құрылғылардың алғашқы партиясы дайындалды.
2026 жылдың соңына дейін пилоттық сынақтарды бастау жоспарланып отыр.
Алдағы уақытта бұл технологияны Алматы тауларында ғана емес, Қазақстанның басқа да туристік аймақтары мен жетуі қиын өңірлерінде қолдану жоспарланып отыр.
Еске салсақ, Алматы тауларында биыл 700 адам құтқарылғанын жаздық.
Сондай-ақ Алматыда тауға шығарда тіркелетін сайт ашылған еді.