Алматыда таудағы көлдердің су деңгейін төмендету бойынша жұмыс басталды
АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматының таулы аймағында сел жүруінің алдын алу мақсатында «Қазселденқорғау» ММ күштерімен мұздақ көлдердегі су деңгейін реттеу бойынша алдын алу шаралары жүргізіліп жатыр.
ТЖМ мәліметінше, қазіргі уақытта Алматының биік таулы аймағындағы 6 мұздақ көлде жұмыстар басталған. Мамандар артық суды бұру және көлдердегі қауіпсіз су деңгейін ұстап тұру жұмыстарын қамтамасыз етуде. Сондай-ақ су бұру арналарының жағдайын жақсартып, оларды қалпына келтіру жұмыстарын атқарып жатыр.
Ал Кіші Алматы өзені бассейніндегі мұздақ көлге суды сорып шығару және бақылаулы түрде бұру үшін полиэтиленді сифондық құбырлар жеткізілген.
— Мұздақ көлдердің басым бөлігі жетуі қиын биік таулы аймақтарда орналасқандықтан, құбырларды, жабдықтар мен қажетті материалдарды жеткізу жұмыстары «Қазавиақұтқару» тікұшақтарын жұмылдыра отырып жүзеге асырылады. Полиэтиленді құбырлар сифондау әдісімен мұздақ көлдердегі су деңгейін қауіпсіз белгіге дейін төмендету үшін пайдаланылады, — деп хабарлады ТЖМ.
Сонымен қатар ТЖМ Алматының таулы аймағындағы гидрологиялық және сел жағдайы бақылауда екенін атап өтті.
Еске салайық, Алматыда сел қаупінің алдын алу мақсатында мұздақ көлдердің жай-күйін тәулік бойы бақылайтын бес биік таулы маусымдық бақылау бекеті жұмысын бастады.