Алматыда таудан денесі табылған полицейдің өліміне қатысты тергеу аяқталды

АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматы полициясы 37 жастағы Аслан Әлсеровтің өліміне қатысты тергеуді аяқтады.

Алматыда таудан денесі табылған полицейдің өліміне қатысты тергеу аяқталды
Фото: Алматы полициясы

23 маусымда Алматы облысы Кеген ауданының таулы аймағынан, тасжолдан шамамен 400 метр қашықтықта ер адамның өртенген денесін шопан тауып алған. Кейін марқұмның Алматы қаласы Әуезов аудандық полиция басқармасында аға жедел уәкіл болып қызмет еткені анықталды.

Кісі өлтіруге қатысы бар деген күдікпен марқұмның жұбайы мен кәмелетке толмаған екі жасөспірім ұсталды. Әйел де бұған дейін полицияда жұмыс істеген.

29 қыркүйекте қылмыстық іс прокуратураға жолданды.

— Осы факті бойынша Алматы полиция департаментінің Тергеу басқармасы сотқа дейінгі тергеп-тексеруді аяқтады. Белгіленген тергеу ретіне сәйкес, қылмыстық іс материалдары сотқа жолдау мәселесін шешу үшін Алматы прокуратурасына жіберілді, — деп мәлімдеді қалалық полиция департаменті.

Қылмыстық іс ауырлататын мән-жайлар кезінде адам өлтіру бабы бойынша тергелді.

Еске салайық, Өскеменде полицейді өлтірген ер адам ұсталған еді.