Алматыда ТМД аумағындағы алғашқы Ғылым музейінің құрылысы қашан басталады

АЛМАТЫ. KAZINFORM – «Алмалы» сауда орталығы 2023 жылы мемлекетке берілді.

Алматыда ТМД аумағындағы алғашқы Ғылым музейінің құрылысы қашан басталады
Фото: Александр Павский/Kazinform

Былтыр желтоқсан айында қалалық мәслихаттың кезектен тыс ХХV сессиясында Алматы әкімі Ерболат Досаев Қайрат Боранбаевқа тиесілі болған «Алмалы» сауда орталығында балаларға арналған Ғылым музейі ашылатынын айтты. 

– Мемлекет басшысының қолдауын ескере отырып, 2025 жылдан бастап Алматыда бұрынғы «Алмалы» сауда орталығының базасында Science Museum Singapore-пен бірлесіп, балаларға арналған ТМД-дағы алғашқы Ғылым музейін құру жұмыстары басталады. Бұл мақсатқа қала бюджетінен 12,2 млрд.теңге бөлу жоспарланған, - деді Ерболат Досаев.

Осы орайда, «Kazinform» агенттігі Алматы әкімдігіне жаңа нысанға байланысты сауал жолдады. Шаһар басшылығының жауабына сәйкес, қазіргі уақытта Ғылым музейінің жобалау-сметалық құжаттамасы әзірленіп жатыр.

– 2024 жылдың қазан айында Сингапур Республикасының «KINGSMEN EXHIBITS PTE LTD» компаниясы мен Алматы қаласы қоғамдық кеңістікті дамыту басқармасы арасында «Алматы қаласында балаларға арналған ғылым мұражайын құру» жобасы бойынша келісімшартқа қол қойылды. Бекітілген келісімшартқа сәйкес, мердігер компания — «KINGSMEN EXHIBITS PTE LTD» компаниясы. Жобалау-сметалық құжаттама әзірленгеннен кейін құрылыс жұмыстары басталады, - деп хабарлады әкімдіктен.

Алматы
Фото: Александр Павский/Kazinform

Мұражайдың ашылуы 2026 жылдың екінші тоқсанына жоспарланған. Жоба аясында мұражай аумағында тұрақты және уақытша экспозициялар құрылады. Тұрақты экспозицияларға ойын алаңдары бар «KIDSSTOP» сияқты аймақтар кіреді. Олар: «Жібек жолындағы ғылым» аймағы, инженерия, жер туралы ғылым және биомедициналық ғылымдары бойынша «Өнертабыс және инновациялар» аймағы, астрономия мен ғарышкерлікке бағытталған «Ғарыш станциясы» аймағы. Уақытша экспозицияларға ғылыми шоуларға арналған галереялар мен залдар, сондай-ақ зертханалар мен сыныптар кіреді. 

Сонымен қатар Алматы әкімдігі жаңа музей бойынша Science Museum Singapore мекемесімен қандай байланыс бар екенін түсіндірді.

— Ғылым музейін жүргізу және басқару мақсатында мұражай мамандарын Сингапур қаласына оқытуға жіберу және Сингапур мамандарының Қазақстанға тәжірибемен бөлісуге келуі мақсатында «Global Pte Ltd”-дан сатып алынған зияткерлік франшиза аясында жұмыстар жүргізіліп жатыр, - делінген әкімдік жауабында.

Еске салайық, бұған дейін мемлекетке қайтарылған «Алматы арена» мен «Халық аренада» қандай өзгеріс болатынын жазғанбыз.

Соңғы жаңалықтар