Алматыда Төле би және Жұбанов көшелерінің жаңа бөлігі қашан ашылады
АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматыда Төле би және Жұбанов көшелерін ұзарту жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Наурызбай ауданының әкімі Назира Тоғызбаеваның айтуынша, Төле би көшесін Әшімов көшесінен қала шекарасына дейін ұзарту жобасының жалпы ұзындығы 2,3 км. Қазіргі таңда нысанның құрылыс дайындығы 70%-ға жетіп, 1,9 шақырым жолға асфальт төселген. Жұмыстарды 2026 жылдың қараша айында аяқтау жоспарланып отыр.
Ал Жұбанов көшесін Момышұлы көшесінен Алатау даңғылына дейін ұзарту жобасының ұзындығы 1,2 шақырым. Нысанның дайындық деңгейі 68%-ға жеткен.
- Қазіргі уақытта инженерлік желілерді қайта құру және жол конструкциясын орнату жұмыстары жүргізіліп жатыр. Құрылысты 2027 жылдың желтоқсан айында аяқтау жоспарланған, - деді аудан әкімі.
Бұған дейін Алматы әкімдігі Абай даңғылы мен Саин көшесін Үлкен Алматы автомобиль айналма жолына дейін ұзарту жұмыстарының барысы туралы хабарлады. Әкімдік мәліметінше, бұл екі бағытта сатып алынған жер телімдерін босату, инженерлік коммуникацияларды көшіру және жол төсемінің негізін салу жұмыстары жалғасып жатыр. Аталған көшелердің ұзартылған бөлігінде жыл соңына дейін көлік қозғалысы ашылуы тиіс.
Еске салайық, Алматыда алдағы жылдары 5 көше Үлкен Алматы айналма жолына дейін ұзартылмақ.