Алматыда троллейбус пен автобус соқтығысты: зардап шеккендердің жағдайы белгілі болды
АЛМАТЫ. KAZINFORM — Денсаулық сақтау басқармасы түрлі дене жарақатын алған жолаушылардың жағдайы туралы айтты.

Жедел медициналық жәрдем қызметі қалалық стационарларға жол апаты салдарынан зардап шеккен 10 адамды жеткізді.
— Жеті ересек адам Орталық қалалық клиникалық ауруханаға, үш бала Балалар шұғыл медициналық жәрдем орталығына жіберілді. Барлық зардап шеккен адамға қажетті тексерулер жүргізілді. Медициналық көмек көрсетілгеннен кейін олар тұрғылықты жері бойынша емханада бақылау ұсыныстарымен үйлеріне жіберілді, — деп хабарлады Алматы қалалық денсаулық сақтау басқармасынан.
Айта кетейік, бүгін Абай даңғылы мен Розыбақиев көшесінің қиылысындағы аялдамада тұрған троллейбуске автобус келіп соғылған болатын. Полициядан мәлім еткендей, аталған дерек бойынша Бостандық аудандық полиция басқармасы тергеу бастады.
Осыған дейін, Алматыда жүк көлігі сүйретіп келе жатқан автобус жаяу жүргіншіні қағып кеткен болатын.