Алматыда тұмау жұқтырғындардың саны 30 пайызға артқан

АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматыда соңғы апталарда тұмау жұқтырғандардың саны біршама артқан. Бұл туралы Алматы қаласы Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Қасымхан Алпысбайұлы айтты.

тұмау
Фото: Pixabay

Оның айтуынша, Алматыда өткен аптада ЖРВИ, тұмау ауруларының 23 086 жағдайы тіркелген. Ал екі апта бұрын мегаполисте 16 429 адам тұмау болып ауырған, яғни ауру жұқтырғандар саны 28,8%-ға артқан. Жалпы ауруды жұқтырғандардың 66,7%-ы — балалар.

Алматы қаласының бас санитарлық дәрігері тұмаудың эпидемиологиялық өсуі кезеңінде алдын алудың шараларын орындауға кеңес берді:

— дәрігердің тағайындауымен С дәруменін алып, оксолин сықпасын қолдану керек;

— жаппай іс-шаралар өтетін орындарға баруды азайту, бөлмелерде ылғалмен сүртіп, желдету, ЖРВИ-мен науқастанғандармен қарым-қатынаста болмауға тырысу, қарым-қатынаста болған жағдайда бетперде кию керек;

— ауырған жағдайда, өз бетімен ем-дом қолданбай, үйден шықпастан, медицина қызметкерін шақыруы қажет, түшкіргенде және жөтелгенде ауызды қолмен, майлықпен жауып, қолды жиі жуу қажет;

— ауырған балаларды мектепке, мектепке дейінгі балалар мекемелеріне, мәдени іс-шаралар жүргізілетін орындарға жібермеу қажет.

Еске салайық, бұған дейін Алматыда 5 мыңға жуық қыз АПВ-ға қарсы вакцина алғанын жазғанбыз. 

Соңғы жаңалықтар