Алматыда турфирма қызметкерін қайшымен жарақаттаған әйел қамауға алынды

Алматыда турфирманың бірінде жанжал шығарып, қызметкерін қайшымен жарақаттаған әйел қамауға алынды, деп хабарлайды Kazinform.

турфирма
Фото: ҚазАқпарат/ Федюнин

Оқиға бойынша Алмалы аудандық полиция басқармасында тергеу жүріп жатыр. Полицияның мәліметінше, оқиға сотқа дейінгі тергеудің бірыңғай тізіліміне ҚР ҚК-нің 389-бабы 3-бөлігі бойынша тіркелді.

«Күдікті - 1978 жылы туған И. есімді әйел, ҚР Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 128-бабына сәйкес уақытша ұстау изоляторына қамалды. Жәбірленушінің алған жарақатының ауырлығын анықтау мақсатында сот-медициналық сараптама тағайындалды. Қылмыстық іс бойынша жүргізілген тергеу шаралары кешенінің қорытындысы бойынша процессуалдық шешім қабылданатын болады», - деді Алматы қалалық полиция департаменті бастығының орынбасары, полиция полковнигі Қайрат Нұрмағамбетов.

Еске салайық Алматыда турфирманың қызметіне шағымданған әйел компания қызметкеріне шабуыл жасаған болатын. Салдарынан жәбірленушінің басына қайшы кіріп кеткен еді.