Алматыда тұрғын үйлер арасынан қару мен гранаталар табылды
АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматының Медеу ауданында қару-жарақ жасырылған орын анықталды.
Қалалық полиция департаментінің мәліметінше, Экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері Медеу аудандық полиция қызметкерлерімен бірлесіп, қару-жарақ пен оқ-дәрілер жасырылған орынды тапты. Жасырын орын жеке тұрғын үйлер орналасқан аумақта «Қару» жедел-профилактикалық іс-шарасы барысында анықталған.
- Астрахан көшесіндегі үйлердің бірінің маңында, жол бойынан ТОЗ-25 тегіс ұңғылы мылтығы табылды. Ол кесілген мылтыққа айналдырып қайта жасалған. Сондай-ақ тапаншаға ұқсас зат пен әртүрлі калибрлі оқ-дәрілер анықталды. Одан бөлек жарық-дыбыс гранаталарын қоса алғанда, бірнеше граната мен қауіпті болуы мүмкін өзге де заттар тәркіленді, - деп хабарлады департаменттен.
Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды. Тәркіленген заттар тиісті зерттеуге жіберілген. Полиция қарудың қайдан келгенін, қалай сақталғанын және оған кімдердің қатысы болуы мүмкін екенін анықтап жатыр.
Еске салайық, Алматы тауларында қару мен оқ-дәрі табылды. Атап айтқанда: ИЖ маркалы тегіс ұңғылы мылтық, тапаншаға ұқсас зат және 16-калибрлі алты оқ-дәрі анықталды.