Алматыда тұрғын үйлер мен шөптер арасында өртке қарсы минералданған жолақтар пайда болады

АЛМАТЫ. KAZINFORM - Алматы қаласы мен облысының мемлекеттік орман қоры аумағында 20 наурыздан бастап өртке қауіпті кезең жарияланды. Бұл туралы Алматы қаласы ТЖД Мемлекеттік өрт бақылау басқармасының басшысы Константин Канин айтты.

Алматы
Фото: Александр Павский/Kazinform

Спикер өртке қарсы қызметтің 20 бөлімшесі мегаполистің өртке қарсы қауіпсіздігін қамтамасыз ететінін атап өтті.

«Тәулік сайын шұғыл шақырту үшін жеке құрамның кемінде 280 адамы мен 70-тен астам негізгі және арнайы техника жұмылдырылады. Айту керек, қала аумағына Іле-Алатау ұлттық саябағының 19 803 га, Медеу табиғи саябағының 708,2 га және Баум тоғайының 137,7 га жері кіреді. Өткен жылдың өрт қауіпті кезеңінде қала аумағында жалпы ауданы 13 га жерде құрғақ өсімдіктердің жануының 300 оқиғасы тіркелді. Негізгі себептер тұрғындардың отпен абайсыз болуы және тұрмыстық қоқыстардың әсерінен (шыны бөтелкелер, шыны сынықтар және т.б.) құрғақ шөптесіндердің өздігінен жануы болды», - деді Константин Канин.

Ол өткен жылы таулы-орманды жерлерде өрттің алдын алу мақсатында ТЖД, қалалық полиция департаменті және орман шаруашылығының өкілдерінен мобильді топ құрылғанын айтты. Мобильді топ 161 рейд жүргізді. Нәтижесінде мыңнан астам азаматқа нұсқау берілді, 228 от жағудың жолы кесілді, 129 адам жалпы сомасы 7 млн жуық теңгеге әкімшілік жауапқа тартылды.

Іле-Алатау ұлттық саябағында орталықтандырылған бейнемониторинг және ерте анықтау жүйесін орнату жоспарланып отыр.

«Осы жылдың сәуір айында Алматы қаласының төтенше жағдайлардың алдын алу және жою жөніндегі комиссиясының отырысын өткізу жоспарланды. Онда азаматтық қорғау қызметтеріне түрлі тапсырмалар беріліп, орман аумақтарын өрттен қорғаудың қажетті деңгейін қамтамасыз ету жөніндегі іс-шаралар әзірленетін болады. Өткен өрт қауіпті кезеңнің тәжірибесін ескере отырып, Алматы қаласының аудан әкімдіктеріне тұрғын үй секторы мен құрғақ өсімдіктердің арасында минералданған жолақтар құру қажеттілігі туралы хаттар жолданды», - деді спикер.

Мегаполис аумағында өрт қауіптілігі жоғарылаған кезде ТЖД қосымша шаралар қабылдайды. Бұл ретте күштер мен құралдар күшейтілген қызмет нұсқасына ауыстырылады, механикаландырылған күзеттер тұтануға бейім учаскелерге қойылады.

«Алматы мен оның айналасындағы табиғаттың шын мәнінде бірегей екенін еске салғым келеді. Тек ортақ күш-жігермен ғана біз оны сақтап, көбейте аламыз», - деді Константин Канин.

Ол таулы-орманды жерлерде өрт қауіпсіздігі ережелерін еске салды:

- өрт шығуы мүмкін демалыс орындарында қоқысты қалдырмай, өзімен бірге алып кету керек;

- сіріңке, темекі тұқылдарын тастамау, құрғақ шөпті өртемеу керек;

- от жағуға болмайды, осы мақсаттар үшін арналмаған жерлерде мангалдар мен басқа да тамақ дайындауға арналған құрылғыларды пайдаланбау керек.