Алматыда тұрғындардың шағымынан кейін «Три богатыря» кешеніндегі құрылыс тоқтатылды

АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматының қалалық жоспарлау және қала құрылысы бақылау басқармасы Достық даңғылы, 44-үйдегі № 142 тұрғын емес үй-жайға жоспардан тыс тексеру жүргізді.

Алматыда тұрғындардың шағымынан кейін «Три богатыря» кешеніндегі құрылыс тоқтатылды
Фото: Алматы әкімдігі

Әлеуметтік желіде тұрғындар «Три богатыря» тұрғын үй кешенінде күрделі құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатқанын және бұл олардың пәтерлерінің қауіпсіздігіне әсері етуі мүмкін екенін жазған еді.

Қалалық жоспарлау және қала құрылысы бақылау басқармасы мәліметінше, нысан тексеру жүргізіліп, оның баоысында «Жаса Девелопмент» ЖШС қажетті рұқсат және жобалық құжаттамасыз қайта жаңғырту жұмыстарын бастағаны анықталған. Осыған байланысты әкімшілік шаралар қабылданды.

— Нысан иесіне анықталған заң бұзушылықтарды жою, ғимаратқа техникалық тексеру жүргізу және белгіленген талаптар орындалғанға дейін құрылыс-монтаж жұмыстарын тоқтату туралы нұсқама берілді, — деп хабарлады басқармадан.

Сонымен қатар тексеру барысында ғимараттың көтергіш құрылымдарына әсер етпегені және олардың тұтастығына зақым келмегені анықталған.

— Тұрғындар нысанға шақырылып, басқарма қызметкерлері тексеру нәтижесін сол жерде түсіндірді. Меншік иесі нұсқамада көрсетілген талаптарды орындап, қажетті құжаттарды рәсімдегеннен кейін ғана жұмысты жалғастыра алады, — деп атап өтті басқармадан.

Еске салайық, бұған дейін Алматыда заңсыз салынған дүкен бұзылды.