Алматыда тұрғындардың жері мектеп салу үшін мемлекет меншігіне алынады

АЛМАТЫ. KAZINFORM - Алматыда 61 жылдық тарихы бар №98 мектепке жаңа ғимарат салынады.

БҚО-да құны 231 млн теңге жер телімі мемлекетке қайтарылды
Фото: Виктор Федюнин/Kazinform

Алматы әкімдігінің мәліметінше, Медеу ауданында №98 мектептің бұрыннан келе жатқан мәселесі бар. 1964 жылы салынған ғимарат бүгінде техникалық талаптарға сәйкес келмейді, оны ауыстыру қажет.

- Мектепте 640 орын болса, бүгінде мектепте 1190 оқушы білім алып жатыр. Шамадан тыс жүктеме оқушылар мен мұғалімдерге қолайсыздық туғызып, білім беру сапасына кері әсер етіп жүр, - деп хабарлады әкімдіктен.

Жүктемені уақытша азайту мақсатында 2025 жылдың қаңтар айында мектепке сол мекенжайда орналасқан бұрынғы музыка мектебінің ғимараты берілген. Қазір бұл ғимаратта бастауыш сынып оқушылары оқып жатыр.

- Дегенмен, бұл мәселені толық шеше алмайды, өйткені ауданда жаңа оқушылар легі әлі де артып отыр, - деп хабарлады қала басшылығы.

Алматы әкімдігі 1500 орынға жаңа мектеп ғимаратының салынуы мәселенің шешімі болатынын мәлімдеді. Ресми мәліметіне сәйкес, Тәтібеков, Полетаев және Бейімбетов көшелеріндегі жер телімдерін мемлекеттік қажетке алу туралы қаулы қабылданды. Қазіргі уақытта құрылысқа дайындық жұмыстары басталып кетті.

- Бұған дейін тұрғындар ұсынған тағы бір балама – Текемет көшесіндегі бұрынғы балабақша ғимаратын сатып алу нұсқасы да қаралған. Алайда ол нысан зиратқа жақын санитарлық-қорғау аймағында орналасқан, кіреберіс жолдары тар, ал тығыз құрылыс салдарынан көлік қолжетімділігі мен қауіпсіз жаяу жол жасау мүмкін болмаған, - делінген әкімдік ақпаратында.

Еске салайық, бұған дейін 1 қыркүйекте Алматыда қанша мектеп ашылатынын жазғанбыз.

Соңғы жаңалықтар