Алматыда Түркия азаматы 1 млрд теңгеден аса жалған шот-фактура рәсімдеген
АСТАНА. KAZINFORM — Алматыда жалған шот-фактура схемасын ұйымдастырған шетелдік сотталды, деп хабарлайды Бас прокуратураның баспасөз қызметі.
Түркия азаматы Алматыда өзіне қарасты бірнеше компания арқылы жалған шот-фактура жазу схемасын ұйымдастырған. Тергеу мәліметінше, ол іс жүзінде орындалмаған жұмыстар мен жеткізілмеген тауарлар үшін 1 млрд теңгеден астам сомаға құжат рәсімдеген.
Заңсыз жолмен тапқан қаржысын жасыру үшін Астанадан коммерциялық нысан сатып алып, оны жалға беріп отырған.
Бірінші сатыдағы сот оны кінәлі деп танып, бас бостандығынан айыру жазасын тағайындаған. Алайда рақымшылық жасау кезінде сот заңсыз табысқа сатып алынған мүлікті тәркілеу мәселесін қарастырмаған.
Кейін прокурорлардың кассациялық наразылығынан соң жоғары сатыдағы сот шешімді өзгертті. Нәтижесінде Астанадағы коммерциялық нысан мен оны жалға беруден түскен табыс мемлекет меншігіне тәркіленді.
Бұдан бұрын электрондық шот-фактуралар мен салық төлеу тәртібінде жеңілдіктер енгізілгенін жаздық.