Алматыда тұрмыстағы зорлық-зомбылықтың алдын алатын мекемеаралық жоспар әзірленіп жатыр

АЛМАТЫ. KAZINFORM — Бұл құжат алдын алу жұмысын күшейтіп, зорлық-зомбылықты ерте анықтап, зардап шеккендерге көмек көрсету жүйесін жетілдірмек.

Зүлфия Байсақова
Фото: Алматы өңірлік коммуникациялар қызметі

Мамандардың айтуынша, әйелдер көбіне жылдар бойы жәбір көріп, жаны қатты қысылғанда ғана көмек сұрайды екен.

Дағдарыс орталықтары одағының мәліметінше, елде мемлекеттік және үкіметтік емес дағдарыс орталықтарының желісі жұмыс істеп жатқанымен, олардың сұранысты толық өтеуге әлі де қауқары жетпей отыр екен. Олар әзірге қауіпсіз кеңістік ұсынып, орналастырып, кешенді қолдау көрсетеді.

Дағдарыс орталықтары одағы заңды тұлғалар бірлестігі басқармасының төрағасы Зүлфия Байсақованың айтуынша, Қазақстанда зардап шеккендерге шұғыл баспана, қорғаныс пен әлеуметтік қызметтердің қолдауын ұсынатын дағдарыс орталықтары мен уақытша паналау орындары жұмыс істейді. Сонымен қатар қорғаныс нұсқамалары, әкімшілік және қылмыстық шаралар, агрессорды уақытша оқшаулау тетіктері қарастырылған. Дегенмен мұндай механизмдердің қолжетімділігі, әсіресе паналау орындарындағы орын саны мен мекемеаралық әрекет ету жылдамдығы әлі де жетімсіздеу болып отыр.

Кейінгі жылдары дағдарыс орталықтарының полиция және сот органдарымен өзара іс-қимылы күшейіп келеді. Қазіргі таңда мамандар полиция қауіпсіздікті қамтамасыз ететін, дағдарыс орталықтары сүйемелдеу мен оңалтуды жүзеге асыратын, соттар қорғау және жауапкершілік шараларын қолданатын бірыңғай әрекет ету жүйесін құруға басымдық беріп отыр.

— Алматы тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу бойынша кешенді мекемеаралық тәсіл жүйелі түрде қалыптасып жатқан алғашқы қаланың біріне айналып отыр. Алғаш рет тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алуға арналған мекемеаралық жоспар әзірленіп жатыр. Ол профилактиканы күшейтуге, зорлық-зомбылықты ерте анықтап, психологиялық әрі әлеуметтік көмектің қолжетімділігін арттыруға бағытталған, — дейді Зүлфия Байсақова.

Сондай-ақ Дағдарыс орталықтары одағы Қазақстан әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғау саласындағы халықаралық міндеттемелерді, оның ішінде БҰҰ-ның тұрақты даму мақсаттары мен гендерлік әрі тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу жөніндегі ұсынымдарды іске асырып жатыр.

Еске салайық, бұған дейін Алматыда отбасылық-тұрмыстық қатынас саласындағы қылмыс саны азайғанын жазғанбыз. 2026 жылдың басынан бері осындай 67 дерек тіркелсе, былтыр осы уақытта бұл көрсеткіш 71 болыпты.