Алматыда тұтынушылардың 285 млн теңгесі қайтарылды

АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматыда Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті жыл басынан бері 1 858 азаматтық шағымды қарады. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз мәслихатында департамент басшысының орынбасары Нұрлан Әбдиев мәлімдеді.

Азаматтарға «электрондық үкіметтің» веб-порталы арқылы банктік қарыздар мен микрокредиттер алудан бас тарту құқығы беріледі
Фото: Виктор Федюнин/Kazinform

Спикердің сөзінше, алматылық тұтынушыларға 284 892 085 теңге қайтарылды. Жоспардан тыс 15 тексеру жүргізіліп, 55 әкімшілік айыппұл салынды.

– Тауарды айырбастап бермеу мен қайтарудан бас тарту, сондай-ақ 10 күндік мерзімде шағымға жауап берілмеуі бойынша көптеген шағым түсті. Сонымен қатар, әлеуметтік маңызы бар өнімдерге үстеме бағаны заңсыз қосу деректері жиі анықталған, – дейді Нұрлан Әбдиев.

Шағымдардың басым бөлігі бөлшек сауда мен электронды сауда салаларынан. 

Тұрмыстық қызмет көрсету саласында да тұтынушылар сапасыз қызметке жиі тап болады. Мұндай жағдайда департамент түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, сотқа дейін шағым жазуға көмектеседі және сот процестеріне үшінші тұлға ретінде қатысады.

Спикер сондай-ақ 2025 жылдың 13 наурызынан бастап Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқықбұзушылықтар туралы кодексіне өзгерістер енгізілгенін еске алды. 

– Бұл өзгерістер департаменттің өкілеттігін кеңейтті. Қазір мемлекеттік орган аталған кодекстің 157, 190 және 193-баптары бойынша әкімшілік істерді қарап жатыр. 190-баптың 5-бөлігіне сәйкес, тұтынушылардың құқықтары туралы ақпараттың болмауы, шағымдарға кеш жауап берілуі және ақшаның уақтылы қайтарылмауы сияқты заңбұзушылықтар үшін салынатын айыппұл мөлшері: шағын бизнеске – 10 АЕК, орта бизнеске – 15 АЕК, ірі бизнеске – 25 АЕК,– деді ол.

Бұған дейін 151 кәсіпкер тұтынушылардың құқығын бұзғаны үшін жауапқа тартылғаны туралы жазғанбыз.

Айта кетейік, жақында Сенат қаржы қызметтерін тұтынушылардың құқықтарын күшейтуге бағытталған заң жобасына бірқатар түзету енгізіп, оны Мәжіліске қайтарды.

Соңғы жаңалықтар