Алматыда үлескерлердің 3,5 млрд теңгесін жымқырған жеті адам сотталды
АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматыда 150 үлескерлердің 3,5 млрд теңгесін алаяқтық жолмен жымқырған жеті айыпталушыға сот үкімі шықты.

Алмалы аудандық сотында аса ірі мөлшердегі алаяқтық дерегі бойынша қылмыстық іс қаралды. Алматыда құрылыс компаниясының атын пайдаланып, «Үш қоңыр» және «Весновка» тұрғын үй кешендерінен алдын ала пәтер сатқан 7 риелтор 150 азаматтан 3,5 млрд теңге жинап алып оларды баспанасыз қалдырған.
Нәтижесінде, құрылыс салушы алданып қалған үлескерлерге келтірілген материалдық шығынды толығымен өтеуге мәжбүр болды. Тергеу органдары оны осы қылмыстық іс бойынша жәбірленуші деп таныды.
Сотта сотталушылар алаяқтық жасаған кінәсін мойындамады. Жәбірленуші сотталушылардан материалдық залалды өндіруді сұрады, тағайындалар жаза мерзімін соттың қалауына қалдырды. Мемлекеттік айыптаушы соттан сотталушыларлың бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады.
«Сот, сотталушылар К., Ж., М., Р., Ш., Е., Н. ҚК-нің 2-тармағының 190-бабы 4-бөлігі бойынша кінәлі деп танып, оларға 5 жылдан 6 жыл 8 айға дейін бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады және жәбірленушінің азаматтық талабын қанағаттандырды», - деп хабарлады соттан.
Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.
Бұған дейін Алматы әкімі «Үш қоңыр» және «Весновка» тұрғын үй кешеніндегі даулы пәтерлерге қатысты пікір білдіріп, онда пәтерлер сатуға тыйым салынғанын айтқан болатын. Кейін үлескерлерді алдап келгендер қамауға алынғаны туралы жазған едік.