Алматыда үлкен үш саябақ жаңартылмақ

АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматыда Тұңғыш Президент, «Атакент» және «Оңтүстік» саябақтары абаттандырылады. Бұл туралы Ерболат Досаев Бостандық ауданы тұрғындарымен кездесуде мәлімдеді. 

Алматыда үлкен үш саябақ жаңартылмақ
Фото: Алматы әкімдігі

Шаһар басшысының айтуынша, Бостандық ауданындағы қоғамдық кеңістіктер мен субұрқақтарды реконструкциялауға және абаттандыруға жобалау-сметалық құжаттама әзірленеді.

«Қаланың тарихи бірегейлігін ескере отырып, қоғамдық кеңістіктерді сапалы қайта құру мақсатында Тұңғыш Президент саябағын, Атакент» аумағын, «Оңтүстік» саябағын, Нұр-Алатау шағын ауданындағы скверді қайта жаңарту мен абаттандыруға, Цирк алдындағы, Мұстафин көшесінің бойындағы және әл-Фараби атындағы ҚазҰУ студенттер сарайының алдындағы субұрқақтарды күрделі жөндеуден өткізу үшін жобалау-сметалық құжаттама әзірленіп жатыр», - деді Ерболат Досаев. 

Алматыда үлкен үш саябақ жаңартылмақ
Фото: Алматы әкімдігі
Алматыда үлкен үш саябақ жаңартылмақ
Фото: Алматы әкімдігі

Жобалық құжаттаманың мемлекеттік сараптамасы осы жылдың желтоқсан айында дайын болады. 

Еске салайық, былтыр Алматыда «Оңтүстік» саябағы мемлекет меншігіне қайтарылған болатын. Әкімдік жеке компанияға 2,3 млрд теңгеден астам сома өтемақы төледі. 

Сондай-ақ Әлия мен Мәншүк атындағы саябақты қалпына келтіру жұмыстары күзде аяқталатыны туралы жазған болатынбыз.