Алматыда үш көлік соқтығысып, жолаушы зардап шекті
АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматыдағы Шығыс айналма жолында үш көлік соқтығысып, жол-көлік оқиғасы болды.
Куәгерлердің айтуынша, жол апатынан кейін Шығыс айналма жолының солтүстік бағытында бірнеше шақырымға созылған кептеліс пайда болды.
Алматы полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, жол апаты 21 қыркүйекте сағат 15:10 шамасында Медеу ауданында болған.
Алдын ала мәлімет бойынша, Mercedes көлігінің жүргізушісі Шығыс айналма жолы арқылы Сағадат Нұрмағамбетов көшесімен солтүстік бағытта келе жатып, оң жаққа қайта тұру кезінде Toyota Highlander көлігінің бүйірінен соққан.
Toyota Highlander инерциямен Nissan Pathfinder көлігіне соғылған.
Жол апаты салдарынан Toyota Highlander көлігінің жолаушысы ауруханаға жеткізілді.
— Оқиға бойынша Медеу аудандық полиция басқармасының қызметкерлері тексеріс жүргізіп жатыр. Жол апатының мән-жайы анықталып жатыр, — деп хабарлады Алматы полиция департаменті.
Еске салайық, бүгін таңертең Алматының Әуезов ауданында жолаушылар троллейбусы өртенгені хабарланды.