Алматыда үшем дүниеге келді
АЛМАТЫ. KAZINFORM - Алматы қаласының №2 қалалық перинаталдық орталығында үшем дүниеге келді.

Үшемнің анасы — 38 жаста. Оның 2013, 2018 және 2019 жылғы үш баласы бар. Ал күні кеше дүниеге есігін ашқан үш қыздың салмақтары — 1970, 1990 және 1969 грамм.
«УДЗ дәрігері менде үш эмбрион бар дегенде таң қалдым. Біздің әулетімізде әжемнің тарапында егіздер болған, бірақ ешкімде үшем болған емес», — деп бөлісті бақытты ана.
Ал № 2 қалалық перинаталдық орталықтың неонатология бөлімінің меңгерушісі Сарбас Айнұрым сәбилердің қазіргі жағдайы жақсы екенін айтты.
— Сәбилер дүниеге келгеннен кейін олар реанимация бөлімінде бірнеше күн жатып, қажетті ем алды. Қазір олар анасымен бірге палатаға ауыстырылды, өздерін жақсы сезінеді», — деді неонатология бөлімінің меңгерушісі Сарбас Айнұрым.
Айта кеткен жөн, 2024 жылдың 10 айында Алматыда барлығы 39 750 бала дүниеге келсе, оның 445-і егіз, 8-і үшем.