Алматыда үй кезегінде тұрған 124 адамға пәтер кілті табысталды

Пәтер кілті
Фото: Алматы әкімдігі

АЛМАТЫ. KAZINFORM – Қаланың коммуналдық тұрғын үй қорынан тұрғын үй кезегінде тұрған халықтың әлеуметтік осал топтарына 124 пәтер бөлінді.

Наурызбай ауданының әкімі Нәзира Тоғызбаеваның айтуынша, 2024 жылы кезекте тұрған жетім балалардың 16%-ы үшін тұрғын үй мәселесі шешіледі. 

Алматы әкімдігі халықтың әлеуметтік осал тобына жататын адамдарды, атап айтқанда, жетім балаларды тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселесіне ерекше назар аударады. 2022 жылы Алматы қаласының коммуналдық тұрғын үй қорынан жетім балаларға 14 пәтер табысталса, 2023 жылы 55 пәтер берілді.

Пәтер кілті
Фото: Алматы әкімдігі

«2024 жылы ХӘОТ санаты үшін 2 мың жалға берілетін пәтер беру жоспарланып отыр, оның 400-і жетім бала. Бұл Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаевтың жеке бастамасы, мұқтаждар үшін жалға берілетін пәтерлердің 20%-ы жетім балаларға бөлінеді. Бүгін біз Шұғыла шағын ауданындағы Alem City-2 тұрғын үй кешенінде орналасқан үш үйдегі ХӘОТ санатына жататын 124 кезекте тұрғандарға пәтер кілтін тапсырдық. 124 пәтердің 49-ы бір бөлмелі, 75-і екі бөлмелі», - деді Алматы қаласы Коммуналдық инфрақұрылымды дамыту басқармасы басшысының орынбасары Ғалымжан Әбдішүкірұлы.

Оның айтуынша, жаңа пәтер иелері ай сайын баспананы жалдау ақысын өтеуі керек. Наурызбай ауданында бір бөлмелі пәтерді жалға алу құны 10 мың теңге, екі бөлмелі пәтер 15 мыңға жуық, үш бөлмелі пәтер шамамен 20 мың теңге. 

Пәтер кілті
Фото: Алматы әкімдігі

Сондай-ақ, коммуналдық қызметті уақытылы төлеу қажет. Бағдарламаның шарты бойынша азаматтарға пәтерді жалға беруге немесе қайта жоспарлауға тыйым салынады.

Пәтер кілті
Фото: Алматы әкімдігі

Пәтер алғандардың бірі - тұрғын үйге бірнеше жыл кезекте тұрған зейнеткер Үміт Құрманәлиева. 

«Қала әкімі Ерболат Досаевқа зор алғысымды білдіргім келеді. Бұл күн мен үшін нағыз мереке. Ұзақ жыл бойы кезекте тұрдым, бірақ ешқашан үмітімді үзбедім», - деді ол.

Соңғы жаңалықтар