Алматыда ұйымдасқан 10 қылмыстық топ ұсталып, жүзге жуық қару тәркіленді
АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматыда полиция ұйымдасқан қылмыстық топ құрудың 10 дерегін тергеп жатыр.
Алматы қалалық полиция департаментінен мәлім еткендей, мегаполисте ұйымдасқан қылмыстық топ құрудың 10 дерегін анықтау жұмысы жүріп жатыр, оның 1-еуі — трансұлттық ұйымдасқан топ құру және оған басшылық ету.
— Былтыр 22 адамның қылмыстық әрекеті тоқтатылды. Заңсыз айналымнан 99 атыс қаруы тәркіленді, оның ішінде 18 тапанша, алты автомат, 26 мылтық, жеті винтовка, алты шолақ мылтық, 35 травматикалық қару, 15 жарылғыш зат, сондай-ақ 1456 оқ-дәрі, — деп хабарлады полициядан.
Сонымен қатар, ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері адам саудасының екі дерегін, жеңгетайлық пен жезөкшеліктің 25 фактісін тоқтатты.
Бұған дейін Алматыда трансұлттық ұйымдасқан қылмыстық топ мүшелері сотталған болатын.