Алматыда вакцина алмаған жасөспірімдер жаппай көкжөтел жұқтырып жатыр

АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматы қалалық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті көкжөтел ауруы бойынша қаладағы эпидемиологиялық жағдайды мәлім етті.

тұмау
Фото: Pexels

Ведомствоның мәліметінше, Алматыда биыл екі айдың ішінде 14 жасқа дейінгі екпе алмаған балалар арасында көкжөтелдің 15 жағдайы расталған.

Ошақтарда байланыста болған 208 адам тексерілді, нәтижесі — теріс.

Байланыста болғандарға емхана медицина қызметкерлері медициналық бақылау жасайды.

Өткен жылы 14 жасқа дейінгі вакцина алмаған балалар арасында көкжөтелдің расталған 5 жағдайы тіркелген.

«Көкжөтелден қорғанудың жалғыз жолы — вакцина алу. 2, 3, 4 және 18 айлық балаларға көкжөтелге, дифтерияға, сіреспеге, „В“ гепатитіне, гемофильді инфекцияға және полиомиелитке қарсы бір мезгілде кешенді вакцина егіледі. Бұдан әрі 6 жастағы балаларға АбКДС күшейткіш дозасы салынады» деп хабарлады қалалық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің баспасөз қызметі.

Ауру белгілері пайда болған кезде эпидемиологтар мынадай ақыл-кеңес ұсынады:

— уақтылы медициналық көмекке жүгіну, өзін-өзі емдемеу, тек дәрігердің нұсқауы бойынша ем қабылдау;
— бөлмені жиі желдетіп, дымқыл тазалау жүргізу;
— жөтелген кезде ауызды жабу, қолды жиі жуу;
— ата-аналарға науқас балаларды ұйымдасқан ұжымдарға, мектеп пен МДБҰ-ға жібермеу.

Соңғы жаңалықтар