Алматыда «Венадан Буэнос-Айреске дейін» концерті өтті

АСТАНА.KAZINFORM — Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының Еркеғали Рахмадиев атындағы Үлкен концерт залында Вена классикасы мен аргентиналық танго әуені үндескен «Венадан Буэнос-Айреске дейін» концерті өтті. 

Алматыда «Венадан Буэнос-Айреске дейін» концерті өтті
Фото: Мәдениет және ақпарат министрлігі

Көпшілік алдында Вена радиосы симфониялық оркестрінің (ORF Radio-Symphonieorchester Wien) әртісі, қазақстандық скрипкашы Ерасыл Хамит өнер көрсетті. Музыкант камералық оркестрдің сүйемелдеуімен Людвиг ван Бетховеннің скрипка мен оркестрге арналған концертін орындады.

Кеш барысында Ерасыл Хамиттің ата-анасы да оркестр құрамында өнер көрсетті. Бір сахнада бас қосқан отбасы мүшелерінің өнері әулеттегі музыкалық дәстүрді жалғап, ұрпақтар сабақтастығын айшықтады.

— Ата-бабам, соның ішінде атам өмір сүріп, еңбек еткен тарихи Отанымда өнер көрсету — мен үшін ерекше мәртебе. Бұл өлке маған сонысымен жақын. Ал көрерменнің ыстық ықыласы мен жылы қабылдауы маған үлкен шабыт сыйлады, — деді Ерасыл Хамит.

Концерттің екінші бөлімінде Астор Пьяццолланың «Буэнос-Айрестегі мезгілдер» циклі орындалды. Кеште Вена классикасының жауһар туындылармен қатар, аргентиналық танго әуендері де шырқалды.

Концерт соңында Ерасыл Хамитке Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары — Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның атынан құрмет пен алғыс белгісі ретінде гүл шоғы табысталды.