Алматыда заңсыз орнатылған 500-ге жуық дүңгіршек бұзылады
АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматы қаласының Кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасы 27 қаңтар мен 17 ақпаны аралығында стационарлық емес заңсыз сауда нысандарын бұзу жұмыстарын жоспарлап отыр.

Алматы әкімдігінен мәлім еткендей, қаланың барлық ауданында арнайы жұмыс комиссиясы құрылды. Олардың құрамына мемлекеттік мекемелердің, полиция департаментінің өкілдері, мәслихат депутаттары, қоғамдық кеңес мүшелері және «Атамекен» ҚР ҰКП өкілдері кірді.
Сонымен қатар қала прокуратурасы көше саудасының заңдылығын қамтамасыз ету бойынша шараларды күшейтті.

Бұзу барысында инженерлік-коммуникациялық желілерден, электр қуатынан және сумен жабдықтау жүйелерінен ажырату көзделген. Полиция департаменті аудан әкімдіктерімен бірлесе отырып, бұзу жұмыстары жүргізілетін орнында қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз етеді.
Қазір мемлекеттік қордың жерінде 500-ге жуық заңсыз орнатылған дүңгіршек бар. Заңсыз орнатылған сауда нысандарының иелерімен түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. 200-ден астам нысан иесі жазбаша ескерту алды.

Айта кетейік, қалада 157 стационарлық емес сауда нысандарын орналастыруға арналған 142 орын бекітілген.
Осыған дейін Алматыда құрылыс нысандарына бақылау күшейтілетіні туралы жазған болатынбыз.
Бұдан бөлек, 2024 жылдың соңында мәслихат депутаттары қаланың жаңа құрылыс ережелерін бекіткен еді.
