Алматыда заңсыз салынғалы жатқан тұрғын үй кешені анықталды

АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматы әкімдігі тұрғындарды кезекті заңсыз тұрғын үй кешенінен жылжымайтын мүлік сатып алмауға шақырды.

Тұрғын үй
Фото: Алматы әкімдігі

Алматы әкімдігі қала құрылысын бақылау басқармасы интернет ресурстарын мониторингілеу барысында Royal Time тұрғын үй кешенінің жарнамасын анықтады.

Алматы әкімдігінің мәліметінше, тұрғын үй кешенінің сайты мен әлеуметтік желідегі парақшасында көрсетілгендей, премиум-класты жаңа ТҮК Наурызбай ауданындағы Кенесары хан көшесі 145 мекенжайында орналаспақ. Алайда бүгінде жер учаскесінде құрылыс жүргізіліп жатқан жоқ және құрылысқа рұқсат беретін құжаттары да жоқ.

Тұрғын үй
Фото: Алматы әкімдігі

«Егер сіз жылжымайтын мүлікті заңсыз нысаннан сатып алсаңыз, сондай-ақ, құрылыс салушы қаражатты ерікті түрде қайтарудан бас тартқан жағдайда, Алматы қаласы бойынша Экономикалық тергеу департаменті мен құқық қорғау органдарына жүгініңіз. Жылжымайтын мүлікті сатып алмас бұрын Алматы қаласының қала құрылысын бақылау басқармасының +7 705 89 66 000 WhatsApp желісі бойынша ТҮК құжаттарының бар-жоғына көз жеткізуді ұсынамыз», - деп ескертті әкімдіктегілер.

Соңғы жаңалықтар