Алматыда заңсыз салынған автокөлік жуу орны бұзылды

АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматыда Алғабас ауданындағы заңсыз салынған нысанды бұзу туралы шешім қабылданды. 

Алматыда заңсыз салынған автокөлік жуу орны бұзылды
Фото: Алматы әкімдігі

Қала құрылысын бақылау басқармасының мәліметінше, заңсыз салынған нысан Алғабас шағынауданында Ф.Оңғарсынова көшесі, 80/1 мекенжайында орналасқан.

Бұған дейін жоспардан тыс тексеру аясында нысан иесіне қатысты әкімшілік шара қабылданып, анықталған заңбұзушылықтарды жою туралы нұсқама берілген. Алайда нұсқама орындалмаған.

Осыдан кейін материалдар Алматы қаласының Әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотына жолданды.

— Алматы қаласының Әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының қаулысымен нысан иесі кінәлі деп танылып, құрылысты мәжбүрлеп бұзу туралы шешім шығарылды, — делінген хабарламада.

Содан кейін нысан иесі құрылысты өз еркімен бұзды.

Еске салсақ, Алматыда супермаркет алдындағы ауқымды қосалқы нысан бұзылған еді.