Алматыда заңсыз салынған көпқабатты үй бұзылып жатыр
АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматыда сот шешімімен ірі құрылыс нысанын бұзу жұмыстары басталды.

Өңірдегі қала құрылысын бақылау басқармасы мәлім еткендей, Черновицкая көшесі,10 мекенжайында орналасқан үш қабатты үйді бұзу жұмыстары басталды.
– Меншік иесі (жеке тұлға) құрылысқа рұқсат құжаттарынсыз кіріскен – сәулет-жоспарлау тапсырмасы (СЖТ), эскиздік жоба келісімі, жоба сараптамасы және құрылыс-монтаж жұмыстарының басталғаны туралы хабарлама болмаған.Тұрғынның өтініші бойынша жоспардан тыс тексеріс нәтижесінде меншік иесіне қатысты әкімшілік шара қабылданды, - деп хабарлады басқармадан.
Кейін Алматы қаласының Жетісу аудандық соты басқарманың талап-арызы негізінде заңсыз салынған үш қабатты тұрғын үйді бұзу туралы шешім шығарды. Нысан меншік иесінің ерікті түрде, сот орындаушыларының қатысуымен бұзылып жатыр.
Осыған дейін Алматыда 1 350 шаршы метрден астам салынып жатқан ғимараттың бұзылғаны туралы жазған едік.
Былтыр Алматының тау бөктерінде заңсыз салынған 28 нысан бұзылды.
Жалпы, қалада 2023 жылдан бері 63 заңсыз нысан толығымен және жартылай бұзылды. Оның ішінде бизнес орталық, мейрамхана, қосалқы құрылыс пен автосервис, сондай-ақ Мечта және KHAN сияқты ірі тұрғын үй кешендері бар.