Алматыда жабайы саудамен күрес жалғасып жатыр
АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматыдағы Розыбақиев және Төле би көшелерінің бойындағы жабайы сауданың 75 нүктесі жойылды.

Жабайы саудамен күрес Алматы әкімі Ерболат Досаевтың тапсырмасы бойынша «Таза Қазақстан» жалпы республикалық бағдарламасы және «Алматы — біздің ортақ үйіміз» қалалық бастамасы аясында жүзеге асырылып жатыр.
Атап айтқанда, Алмалы ауданында Төле би көшесінен Райымбек даңғылына дейін (шығыс-батыс бағыты) Розыбақиев көшесі бойындағы учаскеде және Прокофьевтен Тұрғұт Озалға дейінгі Төле би көшесінде, «Барыс — 4», «Жұлдыз», «Тастақ» базарлары аумағында стихиялық сауданы жою бойынша жұмыс істелді.
Нәтижесінде стихиялық сауданың 75 нүктесі жойылды, сондай-ақ 47 текше метрден астам қоқыс шығарылды.

Бұл учаскелерде киім мен аяқ киім, тұрмыстық бұйымдар, ет өнімдері және басқа да азық-түлік тауарлары, соның ішінде сүт өнімдері сатылды.
— Саудагерлер рұқсат құжаттарынсыз, антисанитариялық жағдайда және абаттандыру ережелерін өрескел бұза отырып сауда жасады. Саудагерлермен Алматы қаласын абаттандыру ережелерін сақтау туралы түсіндірме әңгіме жүргізілді. Оларға Алмалы ауданы базарларының аумағында сауда орындары ұсынылды, — деп хабарлады әкімдіктен.

Қалалық әкімдіктен атап өткендей, стихиялық сауда фактілерін анықтау және жою, сондай-ақ заңсыз орнатылған сауда объектілерін бөлшектеу жөніндегі ауқымды акция 15 сәуірде басталып, 2025 жылдың 1 мамырына дейін жалғасатын болады.
Осыған дейін Алматыда ірі сауда базарлары жаңартылатыны туралы жазғанбыз.
Еске салайық, бұған дейін «Алтын Орда», «Барлық» базарлары өзгертілетіні туралы жазған едік.
Бұдан бөлек, бұзылатын алты базардың орнына не салынатыны белгілі болған.
Жалпы Алматыда 59 базар бар. Оның 41-і жаңартылды.