Алматыда жалған мемлекеттік тіркеу нөмірлерін сатқан күдікті қолға түсті
АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстан бойынша жалған мемлекеттік тіркеу нөмірлерін сатқан заңсыз схеманың ұйымдастырушысы ұсталды.
Бас көлік прокуратурасының үйлестіруімен Көліктегі полиция департаментінің қызметкерлері жалған мемлекеттік тіркеу нөмірлік белгілерін заңсыз дайындау және тарату схемасының жолын кесті.
— Алматыда жүйелі түрде жалған мемлекеттік нөмірлерді дайындаумен және сатумен айналысқан заңсыз әрекеттің ұйымдастырушысы ұсталды. Тергеу мәліметтері бойынша, жалған нөмірлер Ресей Федерациясынан экспресс-жеткізу қызметі арқылы жеткізіліп, кейін Қазақстанның түрлі өңірлеріндегі тапсырыс берушілерге жіберіліп отырған, — делінген хабарламада.
Жедел-іздестіру шаралары барысында жалған мемлекеттік тіркеу нөмірлік белгісі және басқа да заттай дәлелдемелер тәркіленді. Қылмысқа қатысы бар басқа да тұлғаларды анықтау бойынша ары қарай тергеу және жедел-іздестіру шаралары жүргізіліп жатыр.
Бас көлік прокуратурасы жалған мемлекеттік тіркеу нөмірлік белгілерін пайдалану қылмыстық жауаптылыққа әкеп соғатынын ескертеді. Мұндай құқық бұзу жол қозғалысы қауіпсіздігіне тікелей қатер төндіреді.
Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жария етуге жатпайды.
Айта кетелік мемлекеттік тіркеу нөмірі жоғалған жағдайда — оның телнұсқасын алғанға дейін көлік құралын басқаруға болмайтыны туралы жазған едік.