Алматыда жалған түбіртектермен алаяқтық жасаған күдікті ұсталды
АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматының Алмалы ауданы полиция қызметкерлері алаяқтық жасады деген күдікпен тұрғынды ұстады. Ол бұған дейін де алаяқтық деректері бойынша қылмыстық жауапкершілікке тартылған.
Алдын ала мәліметтер бойынша, күдікті шағын азық-түлік дүкендерінің иелері мен сатушыларын алдап, пайда тапқан. Ол арнайы қолданбаларды пайдаланып, тауар үшін онлайн төлем жасалғаны туралы жалған электронды чектерді алдын ала дайындап қойған. Дүкенде есеп айырысу кезінде сатушыға жалған чек көрсетіп, ақша аударылғандай әсер қалдырған, алайда нақты төлем жасалмаған. Осылайша, тауарды ақысыз алып отырған.
Аталған дерек бойынша қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп, күдіктінің қылмыстық әрекеттерінің барлық эпизоды мен жәбірленушілер анықталып жатыр.
– Күдікті алдын ала ойластырылған схема бойынша әрекет еткен. Қосымшалар арқылы онлайн төлем жасалғаны туралы жалған чектер дайындап, шағын дүкендердің сатушыларын шатастырған. Көп жағдайда есеп айырысу қолма-қол ақшасыз жүргізілетіндіктен, адамдардың мұқият тексермейтініне сенген. Қазіргі уақытта барлық қажетті тергеу амалы жүргізіліп, жәбірленушілердің толық тізімі анықталып жатыр, - деді Алмалы аудандық полиция басқармасының бастығы Мақсат Пшан.
Полиция кәсіпкерлер мен сауда саласы қызметкерлерін сақ болуға үндеді. Төлем қабылдау кезінде тек сатып алушы көрсеткен скриншоттар мен электронды чектерге сенбей, қаражаттың нақты шотқа немесе банк қосымшасына түскенін міндетті түрде тексерген жөн.
Еске салайық, бұған дейін Алматыда шетелдік алаяқтардың call-орталығы анықталғанын хабарлағанбыз.