Алматыда жаңа метро бекетінің дайындығы белгілі болды

АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматыда «Қалқаман» метро бекетінің құрылысы жалғасып жатыр. 

Алматыда жаңа метро бекетінің дайындығы белгілі болды
Фото: скрин

Наурызбай ауданының әкімдігі қалалық метрополитен жаңа станциясының дайындығын көрсетті. Тәулігіне 130 мың жолаушыға қызмет көрсетуге қауқарлы бекет алдағы 6 айда пайдалануға берілмек. Қазіргі таңда құрылыс жұмыстарының 97 пайызы аяқталған.

— Жоба аясында 350 орындық автотұрақ салынып, тұрғындардың жайлы әрі қауіпсіз қатынауы үшін заманауи көлік инфрақұрылымы қалыптастырылады, — деп хабарлады аудан әкімдігі.

Алдағы уақытта «Қалқаман» бекетінен «Барлық» базарына дейін тағы үш станция салынбақ. Жобаның жалпы ұзындығы — 5,3 шақырым. Олар келесі мекенжайларда орналасады:

* I станция — Алатау даңғылы бойында, Наурызбай ауданы әкімдігі маңында;
* II станция — Алатау көшесі Төле би көшесімен қиылысатын аумақта;
* III станция — «Барлық» базары аумағында.

Еске салайық, бұған дейін Алматыдағы «Қалқаман» метро бекетінің ашылуы кейінге шегерілгенін жазғанбыз.

Сондай-ақ «Қалқаман» метро бекетінен «Барлық» базарына дейін Алматы метрополитенінің үшінші кезегін салу жобасы бойынша жобалау-сметалық құжаттаманы әзірленгелі жатқанын жазғанбыз.