Алматыда жаңа станция салу жобасы жүзеге асып жатыр

Алматыда БАҚ өкілдерімен кездескен Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев мегаполистегі электр стансаларын жаңарту және отынмен қамтамасыз ету жұмыстары жайында айтты, деп хабарлайды Kazinform. 

Алматыда жаңа станция салу жобасы жүзеге асып жатыр
Фото: «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ

Министрдің сөзінше, бүгінгі күні қаланың электр және жылу энергиясына қажеттілігін Алматы ЖЭО-1, ЖЭО-2, ЖЭО-3 жылу электр орталықтары, Қапшағай су электр станциясы, Каскад су электр станциясы өтеп отыр.

«Үш ЖЭО-ның барлығында қазіргі таңда жаңғырту және газға көшіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Атап айтқанда, Алматы ЖЭО-1-де ауыстыру жобасы жалпы қуаты 225 МВт болатын бу-газ қондырғыларын орнату арқылы станцияны кеңейтуді көздейді. Жобаны іске асыру 2025-2028 жылдарға жоспарланған. Алматы ЖЭО-2-де қуаттылығы 557 МВт-қа дейінгі бу-газ қондырғысы базасында қоршаған ортаға әсерді барынша азайта отырып, станцияны жаңғырту және жаңа станция салу жобасы жүзеге асып жатыр. Алматы ЖЭО-3-ті ауыстыру жобасы жалпы қуаты 545 МВт бу-газ қондырғыларын орнатумен станцияны кеңейтуді көздейді», - деп атап өтті Алмасадам Сәтқалиев.

Ол сондай-ақ 2026 жылдан бастап ЖЭО-2 мен ЖЭО-3-ті газға толық ауыстыру жұмыстары кезең-кезеңімен басталатынын айтты.