Алматыда жаңадан салынған оқушылар үйі көктемде пайдалануға беріледі

АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматыдағы жаңадан бой көтерген оқушылар үйінің күніне 400 баланы қамтуға мүмкіндігі бар. Бұл туралы Алмалы ауданының тұрғындарымен кездесу барысында Ерболат Досаев мәлімдеді.

Ерболат Досаев
Фото: акимат Алматы

Айтуынша, оқушылар үйі 1951 жылы салынған ескі ғимараттың орнына тұрғызылды.

– Жамбыл көшесі, 170А мекенжайында жаңа, заманауи оқушылар үйі пайда болды. Бұл күн сайын 400 балаға дейін 2,5 есе көп білім беруге мүмкіндік береді. Орталықта қауіпсіздіктің, қолжетімділіктің және жарақтандырудың барлық стандарттарын ескере отырып, қолайлы жағдайлар жасалатын болады. Робототехника, ІТ, хореография, сурет салу, ойын алаңдары, амфитеатр және бассейн студиялары ашылады,– деді Алматы әкімі. 

Шаһар басшысының сөзінше, жаңа оқушылар үйі 2025 жылдың наурыз айында ашылады.
Осыған дейін Алматыда апатты деп танылған оқушылар үйінің орнына жаңасы салынып жатқаны туралы жазған болатынбыз

Жалпы, Алматыда қосымша біліммен 300 мыңнан астам бала қамтылған. Оның ішінде 19 мемлекеттік білім беру ұйымдарында 28680 бала, 102 жекеменшікте мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша — 7570, мектептерде — 112851, «Даму бала» бағдарламасы бойынша — 90988, ақылы негізде — 62 мыңға жуық бала айналысады.