Алматыда жаңартылған «Бағанашыл» балалар үйі қашан қолданысқа беріледі

АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматының «Бағанашыл» шағын ауданында орналасқан балалар үйі күрделі жөндеуден өтіп жатыр.

детдом «Баганашыл»
Фото: Камшат Әбдірайым/Kazinform

Нысан реконструкциясы 2025 жылы күзде басталған болатын. Осы орайда, агенттік Алматы қаласының білім басқармасы сауал жолдап, ғимараттың қашан қолданысқа берілетінін сұрады.

Ведомство жауабына сәйкес, Сырғабеков көшесі, 22 мекенжайында орналасқан Арнаулы әлеуметтік қызметтерге мұқтаж балаларды қолдау орталығында құрылыс-монтаждау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Оның ішінде ескі нысандарды бұзып, жаңасын салу да бар.

- «ҚазҚСҒЗИ» АҚ-ның ғимараттардың физикалық тозу дәрежесін анықтау нәтижелері бойынша берген қорытындысына сәйкес 4 блокты бұзу туралы шешім қабылданды. Бір блок бойынша құрылымдарды күшейту жұмыстары орындалып жатыр. Объектінің жалпы құрылыс дайындығы - 40 %, - деп хабарлады Білім басқармасынан.

Бұзылған блоктардың ішінде спорт залы, кір жуу кешені, асхана және әкімшілік корпус болған. Оның орнына жаңа төрт блоктың іргетастарын орнату жұмыстары аяқталған. Қазір қабырғалар мен бағаналарды тұрғызу, сондай-ақ конструкцияларды арматуралау жұмыстары істеліп жатыр. Одан бөлек жатын корпусының құрылымдарын сейсмикалық күшейтілген.

Құрылыс жұмыстары аяқталған соң, жоба аясында балалар жайлы жағдай жасау үшін орталықты жаңа жиһаз және қажетті жабдықтармен қамтамасыз ету көзделгенін аталып өтті.

- Жобада көзделген барлық жұмысты осы жылдың соңына дейін аяқтау жоспарланып отыр, - деп нақтылады ведомстводан.

Білім басқармасының өкілдері нысанды жаңғыртуға жеке компанияның қаражаты жұмсалғанын және және жергілікті бюджеттен қаржыландыру болмағанын мәлімдеді.

Еске салайық, «Бағанашылдағы» балалар үйі бастапқыда Алматы облысына тиесілі болған еді. 2025 жылдың 21 шілдесінде мекеме тәрбиеленушілері Алматыдан Қонаевқа көшіріле бастады. Алайда балалар бұған наразылық білдіріп, әлеуметтік желіде мекеме ішіндегі кикілжіңнің бейнежазбасы тарады. Кейін Президент тапсырмасымен «Бағанашыл» балалар үйі ешқайда көшірілмейтіні, қайта Алматы қаласының қарамағына өтетінін хабарланды.

«Бағанашыл» балалар үйіндегі даудан кейін үш шенеунік қызметінен босатылды.

2025 жылдың тамыз айында мекеме Алматы қаласының коммуналдық меншігіне өтті. Сондай-ақ №2 Балаларды қолдау орталығына «Бағанашыл» балалар үйінің тәрбиеленушілері мен қызметкерлері уақытша көшірілді.

2025 жылдың қараша айында балалар үйінде күрделі жөндеу жұмыстары басталды.