«Бағанашыл» балалар үйі Алматыдан Қонаевқа көшірілмейтін болды
АСТАНА. KAZINFORM - ҚР Президентінің кеңесшісі – Баспасөз хатшысы Руслан Желдібай «Бағанашыл» балалар үйі Алматыдан Қонаевқа көшірілмейтінін мәлімдеді.

- «Бағанашыл» балалар үйінің тәрбиеленушілерін Алматыдан Қонаев қаласына көшіруге байланысты жағдаймен танысқан Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалдыға оқушылардың оңтүстік астанада білім алуын жалғастыру үшін балалар үйіне жөндеу жұмыстарын жүргізуді және аталған нысанды қаланың балансына алуды тапсырды, - делінген жазбада.
Баспасөз хатшысы Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, балалар үйі көшірілмейтінін хабарлаған.
- Аталған жағдайға байланысты Президент Әкімшілігі қызметтік тексеріс жүргізеді. Ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың заң шеңберіндегі барлық құқығы толық сақталады, - деп толықтырған Руслан Желдібай.
Айта кетейік, бұған дейін Қонаевқа көшірілген балалар үйінің ғимараты Алматыға берілетінін жазғанбыз.