Алматыда жанып жатқан пәтерден 7 жастағы бала құтқарылды
АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматыда көппәтерлі тұрғын үйден өрт шығып, кішкентай бала құтқарылды.
Алматы қалалық Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, Жетісу ауданы Айнабұлақ-3 шағын ауданында бес қабатты тұрғын үйдің бірінші қабатындағы пәтерде өрт шықты.
«Өрт сөндірушілер жанып жатқан пәтерден 2017 жылы туған баланы құтқарды. Өрт 50 шаршы метр алаңда сөндірілді. Құтқарылған бала жедел медициналық жәрдем қызметкерлеріне тапсырылды», — деп хабарлады ведомстводан.
Белгілі болғандай, ұл бала ересектердің қарауынсыз үйде жалғыз болған.
Еске салсақ, бұған дейін Ақсайда тұрғын үйдегі өрт салдарынан 2 бала, 1 әйел жансақтау бөліміне жатқызылғаны анықталды.