Алматыда жаппай уланып, ауруханаға түскен оқушылардың саны 55-ке жетті

АЛМАТЫ. KAZINFORM — Республикалық физика-математика мектебінің тағы төрт оқушысы Алматыдағы инфекциялық ауруханаға жатқызылды. 

капельница больница
Фото: otyrar.kz

12-15 қазан аралығында Республикалық физика-математика мектебінің 55 оқушысы жіті ішек инфекциясының белгілерімен Балалар қалалық клиникалық инфекциялық ауруханасына жатқызылған.

— Барлық балаға қажетті медициналық көмек толық көлемде көрсетіліп жатыр. Оларды емдеуге барлық жағдай жасалды. Науқастар медицина мамандарының тұрақты бақылауында. Қазіргі уақытта ауруханаға жатқызылған балалардың жағдайы тұрақты. Жансақтау шараларын қажет ететін жағдайлар тіркелген жоқ, — деп хабарлады қалалық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі.

Еске салайық, 14 қазанда РФММ-нің 48 оқушысы жіті ішек инфекциясының белгілерімен ауруханаға жатқызылғаны хабарланды.

Кейін РФММ әкімшілігі оқушылардың ауруханаға түсуіне байланысты түсінік берді. 14–16 қазан аралығында мектеп сабақтары онлайн форматта өтеді.

Сондай-ақ аталған дерек бойынша Бостандық аудандық полиция басқармасы жанындағы полиция бөлімінде қылмыстық іс қозғалды.