Алматыда жарылған құбыр жөнделіп, тұрғындарға жылу және ыстық су берілді

АЛМАТЫ. KAZINFORM – Бостандық ауданында жарылған құбыр қалпына келтіріліп, үйлерге жылу мен ыстық су қайта беріле бастады.

Алматыда жарылған құбыр жөнделіп, тұрғындарға жылу және ыстық су берілді
Фото: Алматы әкімдігі

Алматы жылу жүйесі» мекемесінің мәліметінше, апаттық бригадасы 1984 жылы пайдалануға берілген Ду-800 жылу құбырын жөндеді.

– Қайта қалпына келтіру жұмыстары аяқталып, жылу трассасы іске қосылды. Бүгін таңғы сағат 6:00-ден бастап жылу мен ыстық су кезең-кезеңімен беріліп жатыр,– деп хабарлады әкімдіктен .

Жылу беру жүйесі толық іске қосылғаннан кейін басқарушы компаниялар – ПИК, МИБ және ғимараттарға техникалық қызмет көрсетуші ұйымдарға ішкі желілердің жай-күйін тексеру қажет.

Еске салайық, 23 желтоқсан күні Алматыда тозығы жеткен жылу құбыры жарылып, Сәтбаев – Достық – Тайманов көшелері аумағы мен Самал-1, Самал-2, Самал-3 шағын аудандарының тұрғындары жылудан ажыратылған болатын.