Алматыда жарылғыш зат туралы жалған хабарлама таратқан баланың ата-анасы жауапқа тартылды

Алматыда жарылғыш зат туралы жалған хабарлама таратқан жасөспірім ұсталып, нәтижесінде ата-анасы жауапқа тартылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жауапкершілік
Фото ҚазАқпарат

Алматы қалалық полиция департаментінің мәліметінше, жарылғыш зат туралы жалған хабар таратушы 14 жастағы жасөспірім болып шықты. Р. есімді 2009 жылы туған азамат әлеуметтік желі арқылы танысына мектебіне жарылғыш зат қоюды жоспарлап жүргенін айтқан.

"Полицияға бұл туралы 2 қазан күні сағат 10:43-те хабарлама түсті. Жедел және арнайы іс-шаралар кешені жүргізіліп, нәтижесінде аты-жөні белгісіз адам анықталды. Жас жігіттің сөзінше, жалған хабарлама арқылы ол досын мазақ етпек болған. Бұл әзіл үшін жасөспірімнің ата-анасы жауапқа тартылды. Олардың үстінен ҚР ӘҚБтК-нің 127-бабы бойынша әкімшілік іс қозғалды. Жиналған әкімшілік материал кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотына жолданатын болады",, – деді Алматы қалалық полиция департаментінің экстремизмге қарсы күрес басқармасының бастығы Дархан Әбіқұлов.

Полицияда сондай-ақ мұндай заңсыз әрекеттер төтенше жағдай мен құқық қорғау органдарының айтарлықтай күші мен ресурстарын жұмсауға әкелетінін еске салды. Сондай-ақ, ол үшін кінәлі адам жауапқа тартылумен қатар, сот шешімімен жалған қоңырау шалғаны үшін шығынды толығымен төлейді.

Сондай-ақ, ҚР ҚК-нің 273-бабына сәйкес терроризм актісі туралы жалған хабарлау бес жылға дейін бас бостандығынан айыру түрінде жазаланады.