Алматыда жасанды интеллектіні жетік білетін оқушылар арасында олимпиада өтті
АЛМАТЫ. KAZINFORM - Қазақстан бойынша алғаш рет жасанды интеллектіні жетік меңгергендер оқушылар арасында олимпиада «Республикалық физика-математика мектебінің» Алматы қаласындағы филиалында ұйымдастырылды.

Олимпиаданың алғашқы іріктеу кезеңі 10-қараша күні онлайн форматта өтті. Оған 8-12 сынып оқушыларынан құралған 450 команда қатысты. Бақ сынағандар арасында Беларусь және Қырғызстан командалары да бар.
Іріктеуден сүрінбей өткен 52 команда Алматыдағы физмат мектебіне жиналды. Астана, Алматы және Ақтөбе, Аягөз, Қарағанды, Қызылорда, Талдықорған, Шымкент қалаларымен, Түркістан облысынан келген командаларға еліміздің жетекші сарапшылары құрастырған 6 есептің шешімін табу үшін 4 сағат берілді. Қатысушылар өз машиналық оқыту модельдерін жасап, шешімдерін «Физмат» мұғалімдері арнайы дайындаған бағдарламамен тексерді.
Олимпиаданың қорытындысы бойынша жүлделі бірінші орынды Астана қаласындағы физика-математика бағытында білім беретін Назарбаев зияткерлік мектебінің «Ziatech» командасы жеңіп алды.
- Отандық оқушылардың жасанды интеллект саласындағы жетістіктерін қолдап, одан әрі жетілдіру үшін аталған олимпиаданы халықаралық деңгейге жеткізген жөн, - дейді олимпиада ұйымдастырушылары.
Еске салайық, бұған дейін жасанды интеллект қаржыны қалай басқаратынын жазғанбыз.