Алматыда «Жасыл аула» науқаны басталды
АЛМАТЫ. KAZINFORM - Алматы қаласының экология және қоршаған орта басқармасы «Жасыл аула» науқанының басталғанын хабарлады.
Басқарманың мәліметінше, 30 наурыздан бастап қала тұрғындарынан көпқабатты үйлердің ауласы мен қоғамдық кеңістіктерді көгалдандыру үшін жапырақты көшеттерді алуға өтінімдер қабылданады. Көшеттер тегін беріледі.
«Науқан аясында бір адамға 20-ға дейін көшет бөлінеді, бұл ретте өтініш беруші отырғызылған ағаштарды алдағы үш жыл бойы күтіп-баптау туралы кепілді міндеттемеге қол қоюы тиіс. Өтінімдер 8 сәуірге дейін қабылданады. Осыдан кейін жолданған өтініштер қабылданбайды», — деп хабарлады қалалық экология және қоршаған орта басқармасы.
«Жасыл аула» науқанына қатысу үшін Jasyl.aula.almaty@gmail.com электронды поштасына келесі мәліметтерді жолдау қажет:
1. Қатысушының аты-жөні мен телефон нөмірі, ағаш отырғызылатын орынның нақты мекенжайы;
2. Ағаш отырғызылатын орынның фотосы (мамандарға орынды толықтай бағалауға мүмкіндік болуы үшін панорамалық форматта болғаны жөн);
3. Сұралып отырған көшет саны.
Көшеттер 13, 14 сәуір күндері Алматы қаласы, Әуезов ауданы, Юрий Ким көшесі, 9 («Eco Almaty» ЖШС) мекенжайында 13, таратылады. Отырғызылған көшеттердің суретін жіберу қажет.
Қосымша ақпарат алу үшін Экология және қоршаған орта басқармасының Жасыл қорды басқару және мониторинг бөлімінің +7 (707-54) 6-17-70, +7 727 390 41 17 байланыс нөмірлеріне хабарласуға болады.