Алматыда жасөспірімдер баланы ұрып-соғып, оған шикі балық жегізбек болған

АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматылық әйел ұлына бір топ жасөспірімнің әлімжеттік көрсеткеніне шағымданды.

полиция
Фото: Polisia.kz.

Алматы тұрғыны бір топ жасөспірімнің бір ай бойы үйінің ауласында 11 жастағы ұлын және басқа да балаларды ұрып-соғып, қорлағанын мәлімдеді.

Әйелдің айтуынша, 13–14 жастағы жасөспірімдер ұлының ішінен және бүйрегінен ұрған, балағат сөздер айтқан. Сондай-ақ Сайранда балық аулап, шикі балықты баланың аузына және құлағына тыққан.

Алматы қалалық полиция департаменті аталған дерек бойынша Алмалы аудандық полиция басқармасы тексеру жүргізіп жатқанын мәлімдеді.

Полиция болған оқиғаның барлық мән-жайы жан-жақты әрі объективті түрде зерделенетінін, соның ішінде оқиғаға қатысушылардың барлығы анықталатынын хабарлады.

— Құқыққа қайшы әрекеттер фактілері расталған жағдайда кәмелетке толмағандардың заңды өкілдеріне заңнамаға сәйкес шаралар қолданылады. Сондай-ақ белгіленген тәртіппен жасөспірімдерді профилактикалық есепке қою мәселесі қаралады, — деп хабарлады Алматы қалалық полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Полиция балалардың құқықтары мен қауіпсіздігін қорғауға ерекше назар аударылатынын атап өтті. Мұндай әрбір өтініш заңнамада белгіленген тәртіппен қаралады.

Еске салайық, Жамбыл облысында жасөспірімдер арасындағы жанжалдан кейін оқушы көз жұмған еді.