Алматыда жауын-шашынға байланысты коммуналдық қызмет дайындығы күшейтілді
АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматыда жауын-шашын мен найзағайға байланысты коммуналдық қызмет жоғары дайындық режиміне көшірілді. Бұл жөнінде қалалық коммуналдық инфрақұрылым және тұрғын үй инспекциясы басқармасының өкілдері хабарлады.
«Қазгидромет» деректеріне сәйкес, 23 сәуір күні сағат 15:00-ден бастап жауын-шашын түседі, ал 17:00-ден кейін кей тұстарда нөсер жаңбыр жауып, желдің екпіні секундына 15-18 метрге дейін жетеді. 24 сәуірде де жаңбыр, кей жерде нөсер жауын жауып, найзағай ойнайды. Ал 25 сәуірде күн құбылмалы, өткінші жаңбыр жаууы мүмкін.
– Су басу қаупінің алдын алу және оларды жедел жою мақсатында қалалық қызмет тәулік бойы кезекшілік ұйымдастырды. Атап айтқанда: 104 бірлік арнайы техника, 74 мотопомпа, 12 ассенизаторлық көлік, 425 жол қызметкерінен құралған 75 жедел бригада және 2300 дана құм толтырылған қап дайындалды, - деп хабарлады ведомство.
Сонымен қатар Алматы қаласының құтқару қызметі мен төтенше жағдайлар департаменті бөлімшелері де күшейтілген кезекшілік атқарады. Жалпы қала бойынша тәулігіне 2,7 мыңнан астам жол қызметкері мен 1,2 мыңнан астам техника жұмылдырылған.
Еске салайық, бұған дейін Алматыда жауын-шашын кезінде арыққа құлаған ер адам мерт болды.