Алматыда жеке үйді қалай газға қосуға болады және қызмет құны қанша
АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматыда газдандыру деңгейі 99,6%-ға жетті. Дегенмен қалада жаңа құбыр салынғанға дейін табиғи газға қосыла алмайтын үйлер әлі бар.
«QazaqGazAimaq» АҚ Алматы өндірістік бөлімшесінің мәліметінше, алдағы жылдары газ инфрақұрылымын кеңейту жоспарланып отыр. Атап айтқанда, 191 тұрғын үйді газға қосуға техникалық мүмкіндік жасалмақ. Ол үшін шамамен 10,7 шақырым газ желісі салынады.
— 2027–2031 жылға арналған инвестициялық бағдарлама аясында шамамен 191 тұрғын үйді газға қосуға техникалық мүмкіндік жасалады. Ол үшін шамамен 10,7 шақырым газ тарататын желі салу қажет. Мекенжайлар тізімі тұрғындардың өтініші мен жергілікті атқарушы органдардың мәліметі бойынша жасалды. Бұл жұмысты қаржыландыру да инвестициялық бағдарлама аясында қарастырылып қойылған, — деді «QazaqGaz Aimaq» АҚ Алматы өндірістік бөлімшесі Өндірістік-техникалық бөлімінің бастығы Айбек Қасымов.
Алайда ол үйдің жанында газ құбыры салынғанымен, оны үйге кіргізу тұрғындардың жауапкершілігінде екенін атап өтті. Ол үшін үйдің меншік иесі техникалық шартты алып, жобаны әзірлетіп, құрылыс-монтаж жұмысын жүргізуі керек.
Газға қосылу құны қанша
Айбек Қасымов жеке үйге газ кіргізу қанша болады деген сұраққа да жауап берді. Оның сөзінше, Алматыда газға қосылудың бірыңғай тарифі жоқ. Сондықтан аумағы бірдей екі үйдің өзінде сома әртүрлі болуы мүмкін. Жұмыс құны оның қиындығына, газ желісін жол немесе басқа да инженерлік коммуникация арқылы жүргізу қажеттілігіне, жабдықтардың бағасына, жерді қазу мен кейін қалпына келтіруге байланысты болады.
— Тұрғындар бірнеше қызметті тегін ала алады. «QazaqGaz Aimaq» АҚ-ның Алматы филиалы техникалық шарттарды бергені үшін ақы алмайды. Қолданыстағы газ тарату желісіне бастапқы қосу мен газды алғашқы рет іске қосу да тегін жүргізіледі, — деп атап өтті ол.
Ал «QazaqGaz Aimaq» АҚ Алматылық өндірістік бөлемшесінің сату мен газбен жабдықтау режимі қызметінің бастығы Нариман Хасенов газға қосылу жұмысының бір бөлігін онлайн істеуге болатынын айтты.
— Техникалық шартты eGov немесе eGov mobile қосымшасы арқылы онлайн алуға болады, бұл қызмет тегін. Одан кейін меншік иесі жобаны әзірлейтін, қажетті жұмысты жүргізетін маманданған ұйымды таңдайды. Бүкіл процесті толық «бір терезе» қағидаты бойынша өту мүмкін емес, бірақ қазір рәсімнің бір бөлігін электрондық форматқа көшірдік, — деді Нариман Хасенов.
Үй жанында газ құбыры болса да, бірақ түрлі себеппен оған қосылмаған тұрғындар да бар. «QazaqGaz Aimaq» өкілдері мұндай үйлердің саны белгісіз екенін хабарлады. Себебі компанияның Алматыда газдандырылмаған үйлердің барлығын қамтитын бірыңғай базасы жоқ.
Мамандар газ құбырына өз бетінше қосылуға қатаң тыйым салынатынын да еске салады. Техникалық шарттар алынғаннан кейін жобалау мен монтаж жұмысын қажетті рұқсаты мен лицензиясы бар ұйымдар жүргізуі тиіс. Әр үйді газға қосу мерзімі де жеке белгіленеді. Техникалық шарттар берілгеннен кейін жоба әзірленіп, монтаж жұмысы мен қабылдау рәсімі жүргізіледі. Осыдан кейін ғана газды алғаш рет іске қосуға болады.
Еске салайық, Шымкентте 1500-ден астам үй мен бірқатар нысан газсыз қалды.