Алматыда желтоқсаншыларға біржолғы төлем 400 мың теңгеге ұлғайтылады
АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматыда қалалық мәслихаттың кезектен тыс сессиясы өтті.
Сессия барысында Алматы қаласы мәслихатының 2023 жылғы 8 желтоқсандағы № 73 «Алматы қаласында әлеуметтік көмек көрсету қағидаларын бекіту, оның мөлшерлерін белгілеу және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындау туралы» шешіміне өзгерістер енгізу мәселесі қаралды.
Алматы қаласы Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Бауыржан Жаубасов кей әлеуметтік төлемдерді қысқарту есебінен үнемделген қаражатқа желтоқсаншыларға тағайындалатын төлемді ұлғайтуды ұсынды.
— Ел алдындағы еңбектері үшін Алматы қаласы әкімінің тапсырмасымен 1986 жылғы желтоқсан оқиғасына қатысушыларға берілетін біржолғы әлеуметтік төлемді 250 мыңнан 400 мың теңгеге дейін арттыру ұсынылады. Бұл — 786 адам. Егер бұл ұсыныс қолдау тапса, биылғы желтоқсан айында олар осындай көлемде төлем алады, — деді ол.
Алматы мәслихатының депутаттары аталған ұсынысқа қолдау білдірді.
Еске салайық, 2023 жылы Алматыда желтоқсаншыларға бір реттік төлем 150 мыңнан 250 мың теңгеге ұлғайтылған болатын.