Алматыда жемқорлық тәуекелдеріне жүргізілген талдау асында 24 адам жауапқа тартылды
Алматы қалалық сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет биыл 8 мониторинг жүргізген. Тексеріс жұмыстары бойынша 129 ұсыныс енгізіліп, 24 тұлға жауапқа тартылды.
Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінің брифингінде ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Алматы қаласы бойынша департаментінің басшысы Арман Рақымов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Спикердің айтуынша, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің алдын алу үшін картада көрсетілген сегіз негізгі сала анықталды, олар: құрылыс және тұрғын үй, экология, жер, бизнес, экономика және қаржы, фискалдық, әлеуметтік, инфрақұрылым және жолдар.
«Осы жылы сыбайлас жемқорлыққа қарсы 8 мониторинг және сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне 3 сыртқы талдау жүргізілді, оның қорытындысы бойынша 129 ұсыныс енгізілді, 24 тұлға жауапқа тартылды. Мемлекеттік органның ерекше бақылауында бизнес саласы да бар. Айта кетейік, 600 кәсіпкердің құқығы қорғалды. Кәсіпкерлік қызметке араласқаны үшін 3 лауазымды тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды. 7 факт бойынша ӘҚБтК-нің 465-бабына сәйкес, рұқсат беру тәртібі мен мерзімін бұзғаны үшін 4 адам жауапқа тартылды. Бұдан басқа, 9,2 млрд теңге өтелді және 5,4 млрд теңге бұғатталды» - дейді Арман Рақымов.
Сондай-ақ былтыр сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтар туралы хабарлағаны үшін 2,6 млн теңге сомасына 13 адамның еңбегі қаржылай бағаланды. Осы жылы 520 мыңнан астам сомаға 3 азамат ынталандырылды.