Алматыда Жеңістің 80 жылдығына арналған альпиниада өтеді
АЛМАТЫ. KAZINFORM - 7 мамыр күні өтетін альпиниада барысында Панфиловшы батырлар шыңы бағындырылады.

Алматы қаласы Альпинизм федерациясының мәліметінше, адамдар қиындығы 1А санатындағы жолмен тауға жаппай көтеріледі.
Альпиниада маршруты: Медеу (1600 м) — Шымбұлақ (2200 м) — Тұйық-Су (2500 м) — Мыңжылқы (3000 м) — Мәншүк Мәметова мұздығы (3600 м) — Мәншүк Мәметова асуы (3850 м) — Панфиловшы батырлар шыңы (4120 м).
— Альпиниадаға 16 жастан жоғары барлық ниет білдірген адамдарды қатысуға шақырамыз. Орын саны шектеулі — 700 адам. Қатысушылар төсбелгі және сертификатпен Панфиловшы батырлар шыңында марапатталады. Барлық қатысушылар ауа-райына, таулы ортаға сәйкес жабдықталуы керек, шаңғы таяқшаларын пайдалану ұсынылады, — деп хабарлады федерациядан.
Еске салайық, бұған дейін Астанада парадзюдодан әлем чемпионаты өтетінін жазғанбыз.