Алматыда жер сілкінісіне қатысты жалған ақпарат таратқан күдікті әйел ұсталды

АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматы полициясы жер сілкінісі туралы жалған ақпарат таратқан күдіктіні анықтап, ұстады.

полиция
Фото: Kazinform

Алматы қалалық Полиция департаментінің мәліметінше, күдікке ілінген жас келіншек мессенджерлер арқылы жойқын зілзала болады деп, сағатына дейін айтып елді одан сайын дүрліктірген. Тексерулердің нәтижесі бойынша оның іс-әрекетіне құқтық баға берілетін болады.

«Сондықтан барлық азаматтарға айтатыным, жалған ақпарат таратпаңыздар, таратуға себепкер болмаңыздар. Содан соң әр ақпаратты жіті зерделеп, тек ресми дерек көздерден алынған ақпаратқа қана сенулеріңізді сұраймын, – деді Алматы қаласы Полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбек.

29 жастағы Ж. есімді азаматшаның кінәсі дәлелденсе, ол ҚР Қылмыстық кодексінің 274-бабына сәйкес, ірі мөлшерде айыппұл төлейді немесе үш жылға дейін мерзімге бас бостандығынан айырылуы мүмкін.