Алматыда жер үйден өрт шығып, екі адам қаза тапты
АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматыда жер үйдің жанындағы уақытша баспанадан (времянка) өрт шықты. Құтқарушылар ол жерден екі адамның мәйітін тапты.
Алматы қаласы Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, өрт 20 ақпан күні сағат 3:43-те Ш.Мұртаза көшесі, 29-үйде болған.
Өрт сөндірушілер аталған мекенжайға жеті минутта жеткен. Олар келген бойда уақытша баспананың 15 шаршы метрі жанып, төбесі опырылып құлап түскен.
«Өрттің жақын орналасқан үйге таралу қаупі туындады. Қызыл жалын 03:54-те оқшауланып, 04: 03-те сөндірілді. Өртті сөндіру барысында екі адамның денесі табылды. Алдын ала ақпарат бойынша баспана жалға берілген. Өрт фактісі бойынша материалдар іс жүргізу шешімін одан әрі жүргізу үшін Медеу ауданы ПБ жанындағы полиция бөліміне берілді», - делінген хабарламада.
Мамандар жанындағы жеке тұрғын үйді өрттен сақтап қалды.