Алматыда жігітпен кездесуге барған бойжеткен мерт болды

Алматылық бойжеткен жігітімен дәмханада алғаш рет кездескен соң қайтыс болды. Бұл туралы журналист Сандуғаш Дүйсенова әлеуметтік желіде жазды, деп хабарлайды Kazinform.

бойжеткенді өлтіріп кетті
Фото: Kazinform

Сандуғаш Дүйсенованың мәліметінше, кездесуге барған қыздың аты-жөні Айнагүл Кенчебаева болған. Ол қазанның 17-сі күні ер адамның қолынан қаза тапты.

«Алғашында олар жәй отырып әңгімелескен, кейін ер адам спирттік ішімдік ішіп алып, қызға қол жүгірте бастаған. Басында Айнагүл оны тыныштандыруға тырысты, бірақ анық жанжал шығатыны белгілі болған кезде қыз 102 нөміріне хабарласқан. Дәмханада демалып отырғандар жігіттің қызды сыртқа алып шыққанын көрген, бірақ, ешкім араша түспеген. Қазір ешкім нақты не болғанын білмейді, алайда, арада 20 минут өткен соң, қыз шақырған полицейлер келіп, қыздың қайтыс болғанын көрген.

Жігіт ешкімді өлтіргісі келмегенін, қызды тек итеріп жібергенін айтады. Қыз бордюрге басымен құлап, жан тапсырған. Жігіт қорқып қашып кеткен, кейін қайта келді. Ол жедел жәрдемді шақыру үшін емес, өзімен бірге ала кеткен қыздың ұялы телефонын қайтару үшін. Бұл ұрлық па? Әлде ол, егер қыздың телефонын өзімен алып кетсе, оның сол кеште кіммен кешкі ас ішкенін ешкім білмей қалады деп ойлады ма? Ол қылмысын жасырғысы келді ме?», - деп жазды Сандуғаш Дүйсенова.

Ол сондай-ақ марқұм Айнагүлдің туыстарының пікірлерін жариялады.

«Оқиға өткен соң қыздың ата-анасының үйіне ұсталған жігіттің туыстары келді. «Олар кешірім сұрайды, бірақ, біздің қызды олар емес, олардың ұлдары өлтірді ғой, айтпақшы, ол отбасындағы жалғыз ұл екен, біз кешірмейміз, біз қызымызды жоғалттық және ол қызымыздың өлімі үшін жауап беруі тиіс», - деп жатыр Айнагүлдің туыстары.

«Қай ата-ана жалғыз баласының түрмеге отырғанын қалайды. Біз олардың бүкіл таныстарын тартып, ұлдарын түрмеден шығарып ала ма деп қорқамыз, - деп Айнагүлдің ата-анасы алаңдап отыр.

Сандуғаш Дүйсенова Айнагүлдің еңбекқор, фармацевтикалық компанияның директорына дейін өскенін, қалған өмірін өзіне арнайтын сәтте, трагедиялық түрде қаза тапқанын жазды.

«Қызды кеше жерледі, ата-анасы қайғыдан әлі бой жаза алмай отыр. Тек әділеттің орнауын қалап отыр», - деп жазды ол.

Алматы қалалық полиция департаменті қылмысты жасаған күдікті ұсталып, қамалғанын хабарлады.

«Аталған дерек бойынша Түрксіб аудандық полиция басқармасы ҚР ҚК-нің 99-бабы 1-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Қылмысты жасады деген күдікті 1991 жылы туған Т. есімді азамат ұсталды және қамауға алынды. Қылмыстық істің шеңберінде тергеу әрекеттері тергеудің объективтілігі, жан-жақтылығы және толықтығы қағидаттарын қатаң сақтай отырып жүзеге асырылады. Сараптама тағайындалды. Тергеу барысы Полиция департаменті басшылығының бақылауында», - деп хабарлады қалалық полиция департаментінің баспасөз қызметі.